Жамбыл облысында көлікке заңсыз LED шамдарын орнатқан жүргізуші ұсталды
Жамбыл облысында көлікке заңсыз LED шамдарын орнатқан жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Республикалық «Тасымалдаушы» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолының 523-шақырымында полиция қызметкерлері Toyota Alphard автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында 31 жастағы жүргізушінің көлікке алысқа түсетін жарыққа арналған LED шамдарын заңсыз орнатқаны анықталды.
Жүргізушінің бұл құқық бұзушылықты бір жыл ішінде қайта жасағанына байланысты оған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 10-бөлігі бойынша хаттама толтырылып, жауапкершілікке тартылды.
Іс-шараның екінші күні барысында барлығы 569 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде:
- көлікті заңсыз қайта жабдықтау бойынша – 23 дерек;
- міндетті техникалық байқаудан өтпеу – 60 дерек;
- жылдамдықты асыру – 71 дерек;
- қауіпсіздік белдігін тақпау – 60 дерек;
- масаң күйде көлік жүргізу – 8 дерек тіркелді.
Полиция қызметкерлері көлік құралдарын заңсыз өзгерту жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін еске салады және барлық жүргізушілерді жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.