Жамбылда қызмет барысында қаза тапқан полицейлердің балалары алғаш рет мектепке барды
Жамбылда қызмет барысында қаза тапқан полицейлердің балалары алғаш рет мектепке барды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бірінші қоңырау. Ақ көйлек, жаңа сөмке, қолдағы гүл. Әр бала үшін 1 қыркүйек – толқынысқа толы, өміріндегі жаңа кезеңге бастайтын ерекше күн.
Биыл мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған бүлдіршіндердің қатарында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің перзенттері де бар. Республика бойынша осы санаттағы 10 бала бірінші сыныпқа барса, олардың екеуі – Жамбыл облысының бүлдіршіндері.

Білім күні қарсаңында емес, дәл осы ерекше сәтте оларды мектепке полиция қызметкерлері арнайы шығарып салып, алғашқы қадамдарына куә болды.
Балалардың әкелері – кезінде полиция қатарында абыроймен қызмет етіп, ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қаза тапқан Рахат Сланбеков пен Асқар Бесбаев.
Полиция қызметкерлері бүлдіршіндермен бірге алғашқы қоңырау салтанатына қатысып, оларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі. Сонымен қатар оқу құралдары мен естелік сыйлықтарын табыстады.
Бұл – бір күндік кездесу немесе жай ғана мерекелік шара емес. Қызмет барысында қаза тапқан полицейлердің отбасылары ішкі істер органдарының тұрақты назарында. Батырлардың артында қалған ұрпағының әрбір қуанышы мен жетістігі – олардың әріптестері үшін де маңызды.
Бүгін мектеп табалдырығын алғаш аттаған екі бүлдіршінге көрсетілген ерекше құрмет – әкелерінің ерлігі ел жадында екенін, олардың есімі мен жасаған қызметі ұмытылмағанын білдіреді.
Балалардың жүзіндегі қуаныш пен алғашқы қоңыраудың сыңғыры – ерлікпен өмірден өткен әкелеріне деген құрметтің жалғасып келе жатқанының жарқын белгісі.
