Түзеу мекемесіндегі алғашқы қоңырау
Бірінші қыркүйек – мектептер мен колледждерде жаңа оқу жылы басталатын ерекше күн. Бұл күн Қарағанды облысының қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі сотталғандар үшін де маңызды. Биыл мұндағы 180 адам партаға отырып, білім алуға кірісті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түзeу мекемесінде білім алу – жай ғана уақыт өткізу емес. Бұл – жаңа мамандық меңгеріп, еңбек дағдыларын қалыптастыру және бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге дайындалудың маңызды мүмкіндігі. Сотталғандар теориялық біліммен қатар, таңдаған мамандығы бойынша практикалық дағдыларды да игереді.
Қазіргі таңда Қарағанды облысындағы ҚАЖ мекемелерінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жолға қойылған. Бес мекемеде екі колледж арқылы алты мамандық бойынша оқыту ұйымдастырылған. Атап айтқанда, сотталғандар автослесарь, электргазбен дәнекерлеуші, автомобильдерді жөндеу слесарі, әрлеу-құрылыс жұмыстарының шебері, тігінші және автокөлік құралдарын жөндеу шебері мамандықтарын меңгереді.
Мамандықтың болуы – бостандыққа шыққаннан кейінгі жаңа өмірге жасалған нақты қадам. Кәсіби білім мен тәжірибеге ие болған адамға еңбек нарығында өз орнын табу оңайырақ. Сондықтан ҚАЖ мекемелерінде қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптерге басымдық беріліп отыр.
Басты мақсат – сотталғандардың бойында еңбекке деген жауапкершілікті қалыптастырып, қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау. Осы бағытта мекемелерде білікті мамандар даярлау, олардың кәсіби дағдыларын жетілдіру және жазасын өтеп шыққаннан кейін жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасау жұмыстары жалғасуда.
Тікенек сымның ар жағында басталған оқу – темір тордан тыс өмірге дайындықтың бір бөлігі. Ал алынған білім мен меңгерген мамандық сотталған адамның жаңа өмірге жасаған алғашқы қадамы болуы мүмкін.
