СҚО-да полицейлер Білім күнін оқушылармен бірге қарсы алды
СҚО-да полицейлер Білім күнін оқушылармен бірге қарсы алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мектептегі алғашқы қадамдар – қауіпсіздікпен басталды. Петропавлда тәртіп сақшылары 1 қыркүйек – Білім күнін мектептерде қарсы алып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.
Оқу жылының алғашқы күнінде мектеп маңындағы жолдарда көлік қозғалысы айтарлықтай артты. Балаларын мектепке автокөлікпен әкелген ата-аналар санының көбеюіне байланысты полицейлер жүргізушілерге жол қауіпсіздігі талаптарын түсіндіріп, бастауыш сынып оқушыларына мектепке баратын қауіпсіз бағыттарды көрсетті. Ал қоғамдық тәртіпті ювеналды полиция қызметкерлері қамтамасыз етті.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің басшылық құрамындағы офицерлер өңірдегі мектептерде өткен салтанатты жиындарға қатысып, оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Кездесулер барысында балаларға көшеде, қоғамдық орындарда және цифрлық ортада қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері түсіндірілді.
Жоғары сынып оқушыларымен кездесулерде интернет-алаяқтықтың алдын алу, сондай-ақ жасөспірімдердің әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы қылмыстық схемаларға тартылу қаупі сөз болды. Полицейлер оқушыларды күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, бейтаныс адамдардың тапсырмаларын орындамауға және интернеттегі қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.
Ал мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге полиция офицерлері ҚР ІІМ әзірлеген "Заң мен Тәртіп" бояма кітапшаларын табыстады. Танымдық құрал арқылы балаларға қауіпсіздік ережелері мен заңды құрметтеудің маңызы қарапайым әрі түсінікті түрде жеткізіледі.
СҚО ПД бастығы Руслан Назаров М. Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейіне барып, салтанатты жиынға қатысты. Мектепте полиция бағытындағы "Жас сақшы" сыныбының тәрбиеленушілерімен де кездесті. Бұл сыныпта оқушылар үшінші жыл білім алып келеді. Олар құқықтық сауаттылығын арттырып, дене дайындығын шыңдайды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері мен ардагерлерімен кездесіп, құқық қорғау саласының ерекшеліктерімен танысады.
Руслан Назаров жас сақшыларға таңдаған жолында табыс пен табандылық тіледі.
Полицейлердің мектептердегі Білім күніне қатысуының негізгі мақсаты – балаларға қауіпсіздіктің тек ережелер жиынтығы емес, әр адамның жауапкершілігі мен тәртібінен басталатынын түсіндіру. Көшеде де, мектепте де, цифрлық кеңістікте де сақтық таныту – қауіпсіз ортаны қалыптастырудың маңызды шарты.
