Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жол қауіпсіздігі – басты назарда: ШҚО-да "Тасымалдаушы" ЖПІШ қорытындыланды

28-30 шілде аралығында Шығыс Қазақстан облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол жүрісі қағидаларын бұзудың жолын кесуге бағытталған "Тасымалдаушы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Үш күн ішінде полиция қызметкерлері жол жүрісі қағидаларын бұзудың 915 дерегін анықтады. 39 көлік құралы мамандандырылған тұраққа қойылып, 35 мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі тәркіленді.

Іс-шара барысында жолаушылар тасымалына ерекше назар аударылды. Тәртіп сақшылары такси қызметін заң талаптарын бұза отырып көрсетудің 44 дерегін, заңсыз жолаушылар тасымалдаудың 23 жағдайын және көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтаудың 24 фактісін анықтады.

Сонымен қатар техникалық байқаудан өтпеген 31 көлік, тиісті құқығы жоқ тұлғалардың көлік басқаруының 26 дерегі, жолаушыларды, багаж бен жүктерді тасымалдау талаптарын бұзудың 17 фактісі тіркелді. Техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін 89 автокөлік анықталды.

Жол қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін өрескел құқық бұзушылықтар да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, масаң күйде көлік басқарудың 12 дерегі, қарсы бағытқа шығудың 3 фактісі және көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамдардың қайта көлік жүргізген 3 жағдайы анықталды.

Полиция департаменті мұндай профилактикалық іс-шаралардың басты мақсаты – жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу екенін атап өтті.

Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік әр адамның жауапкершілігіне байланысты, ал жүргізушінің тәртібі жолаушылар мен өзге де азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауда шешуші рөл атқарады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру