Автокөлік әйнектерін қараңғылаған павлодарлық жүргізушілер жауапқа тартылды
Автокөлік әйнектерін қараңғылаған павлодарлық жүргізушілер жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Жыл басынан бері көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін Павлодар облысында 95 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, Павлодар қаласының полиция инспекторлары алдыңғы әйнектерінде түрлі-түсті пленкалары бар автокөліктерді тоқтатып, жүргізушілерге заң талаптарын түсіндірді. Жүргізушілер тәртіп сақшыларының ескертулеріне түсіністікпен қарап, әйнектеріндегі реңкті өз еріктерімен алып тастады.
Павлодар облысы полиция департаментінің өкілдері бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, былай деді:
– Алдыңғы және алдыңғы бүйірлік әйнектерге реңк салу жүргізушінің көру мүмкіндігін шектейді. Әсіресе, бұл түнгі уақытта апаттық жағдайларға әкелуі ықтимал. Сондықтан көлік салонының алдыңғы және алдыңғы бүйірлік әйнектеріне мөлдір, бірақ түрлі-түсті пленка жабыстыруға қатаң тыйым салынады
Полиция департаменті «Заң және тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастырып келеді. Заң бұзған азаматтар өз әрекеттері үшін міндетті түрде жауапқа тартылады.