Жетісу облыстық ПД-да тәлімгерлер кеңесінің кезекті отырысы өтті
Жетісу облысы полиция департаментінде тәлімгерлер кеңесі кезекті отырысын өткізіп, атқарылған жұмыстарды қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиында 2025 жылға арналған жаңа міндеттер мен жоспарлар айқындалды.
Кеңес ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың тапсырмасына сәйкес, полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыру, жас мамандарға қолдау көрсету және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын.
Департамент басшысы Сарқытбай Құсаиновтың бұйрығымен тәлімгерлер кеңесі 2024 жылдың ақпан айында ресми түрде жұмысын бастады. Осы уақыт аралығында кеңес полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейін нығайту бағытында бірқатар маңызды шараны жүзеге асырды. Оның ішінде жас қызметкерлерге тәжірибелі тәлімгерлерді бекіту, тренингтер ұйымдастыру, сондай-ақ күрделі қызметтік міндеттерді орындауда тәжірибе алмасу сынды жұмыстар атқарылды.
2024 жылғы қызмет нәтижелері бойынша кеңес жас қызметкерлердің кәсіби деңгейінің өскенін, жұмыс тиімділігінің артқанын және ұжым ішіндегі үйлесімділіктің жақсарғанын атап өтті. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің моральдық-психологиялық ахуалын жақсартуға да ерекше көңіл бөлінді.
2025 жылы тәлімгерлер кеңесі қызметін одан әрі жандандырып, жаңа міндеттерді жүзеге асыруды көздеп отыр. Оның ішінде, заманауи оқыту әдістерін енгізу, тәжірибе алмасу алаңдарын кеңейту және жас қызметкерлердің көшбасшылық қабілеттерін дамыту басты басымдықтардың бірі болмақ.
Жетісу облысы полиция департаментіндегі бұл бастама құқық қорғау саласында ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жас мамандардың кәсіби дамуына үлес қосатыны анық.