Павлодарда киберполицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстарын жүргізуде
Павлодарда киберполицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстарын жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодарда полиция қызметкерлерінің интернет-алаяқтыққа қарсы күрес бастамасы қоғам тарапынан қолдау тапты.
Киберполицейлер ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алу мақсатында кезекті түсіндіру акциясын өткізді. Себебі интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстар өңірде кең таралған қылмыс түрлерінің бірі болып отыр.
Облыс бойынша күн сайын екі-үш адам желілік алаяқтардың құрбанына айналады. Киберқылмыспен күрес бөлімшесінің қызметкерлері азаматтарға алаяқтардың түрлі айла-тәсілдерін түсіндіру мақсатында тұрақты түрде ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырып келеді.
Бұл жолы полицейлер "Алаяқсыз қала" акциясын өткізді. Оның аясында тұрғындарға қырағылықтың маңыздылығы ескертіліп, интернет-алаяқтардың қулық-сұмдықтарынан сақтану жолдары түсіндірілді. Акция қаланың ірі зауыттарының бірінде өтті. Киберполицейлер мен учаскелік инспекторлар зауыт қызметкерлеріне арнайы жадынамалар таратып, құпия деректерді жарияламау, бейтаныс қосымшаларды жүктемеу және алаяқтардың өзге де амалдарынан сақтану қажеттігін түсіндірді. Сондай-ақ несие рәсімдеуден бас тарту жолдары көрсетіліп, бұл қызметті "eGov mobile" қосымшасы арқылы қалай рәсімдеуге болатыны жөнінде кеңес берілді.
Жұмысшылардың басым бөлігі алаяқтардың қастық әрекеттерімен бұрын-соңды бетпе-бет келген немесе полиция тарапынан жүргізілетін түсіндіру жұмыстарына қанық. Зауыт қызметкерлерінің бірі алаяқтарға қарсы өзінің қарапайым, бірақ тиімді тәсілін бөлісті.
– Егер маған "банктің қауіпсіздік қызметі" немесе "ұялы байланыс операторы" атынан күмәнді қоңырау түссе, мен оларға алғыс айтып, дәл қазір өзім кеңсеге хабарласатынымды айтамын. Бұдан кейін көп жағдайда алаяқтар өздері телефон тұтқасын қоя салады, – дейді ол.
Жыл басынан бері Павлодар облысында 126 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Полицейлер тұрғындарды үнемі жаңа алаяқтық схемалардан хабардар етіп, алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
– Біз халыққа пайдалы кеңестер беріп, сақтық шараларын үнемі түсіндіріп отырамыз. Дегенмен әлі де алаяқтардың арбауына түсетіндер бар. Алайда тұрақты профилактика жұмыстарының нәтижесінде киберқылмыспен күресте оң өзгерістер боларына сенеміз, – деп мәлімдеді Павлодар облысы полиция департаментінің өкілдері.