"Жарқыраған" айла: ШҚО-да колонияға тыйым салынған заттарды өткізу әрекеті тоқтатылды
Шығыс Қазақстан облысында ҚР ІІМ ҚАЖК-ге қарасты №18 мекемесінің қызметкерлері түрмеге тыйым салынған заттарды өткізбек болған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мекеме аумағына жақын жерде қара түсті пакет ұстаған 41 жастағы ер адам ұсталды. Тексеру кезінде оның ішінде ерекше құрылғы табылды: скотчпен мықтап оралған электродқа шағын қорапшалар бекітілген.
Әсіресе электродтың басына орнатылған шағын шам (фонарь) назар аудартты. Ұсталған азаматтың айтуынша, бұл шам “сәлемдеменің” қардың арасында жоғалып кетпеуіне көмектесу керек болған.
Алайда бұл айла іске аспады. Тыйым салынған заттардың ішінен Тропикамид препараттарының қаптамалары байқалды. Толық тексеріс барысында Тропикамидтен бөлек, телефон, ерекше иісі бар жасыл түсті шөп, белгісіз таблеткалар және ойын карталары табылды.
41 жастағы азамат ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал тәркіленген заттар сараптамаға жіберілді.
ШҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті азаматтарға түрмеге тыйым салынған заттарды жеткізу заңға қайшы екенін және жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Құқық бұзушылар қанша айла ойлап тапса да, тәртіп сақшылары олардың жолын кесу үшін қырағылық танытып, барлық қажетті шараны қолдануда. Азаматтарды Заңға бағынуға шақырамыз. Есіңізде болсын, сіздің қауіпсіздігіңіз бен бостандығыңыз өз жауапкершілігіңізге байланысты.