Биыл Қызылорда облысында ішімдікке тәуелді 8 адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді
Қызылорда облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізді., - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ердәулет Жаукеев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Жиында өңірдегі қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар қорытындыланды.
Полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздік пен жол қозғалысын қадағалау мақсатында кешенді профилактикалық шараларды жүзеге асырды. Жыл басынан бері қабылданған шаралардың нәтижесінде бұрын сотталғандар тарапынан жасалған қылмыстар 7,9 пайызға, оның ішінде соттылығы жойылмағандар жасаған құқық бұзушылықтар 20 пайызға, рецидивтік қылмыстар 50 пайызға, топпен жасалған қылмыстар 22,2 пайызға азайды.
Отбасылық жанжалдарға қатысты 434 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ішімдікке тәуелді 8 адам сот шешімімен мәжбүрлі емдеуге жіберілді.
- Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында "Мүлдем төзбеушілік" қағидаты негізінде 4977 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тиісті шаралар қолданылды. Олардың қатарында ұсақ бұзақылық (81 дерек), алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу (588), түнгі тыныштықты бұзу (391), белгіленбеген орындарда темекі тарту (23), кәмелетке толмағандардың заңды өкілінсіз жүруі (545), белгіленбеген орындарда сауда жасау (121), абаттандыру қағидаларын бұзу (509), ортақ пайдаланылатын орындарды ластау (504), белгіленген уақыттан кейін алкоголь өнімдерін сату (20) сынды деректер тіркелді, – деді Ердәулет Жаукеев.
Облыстағы жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмысқа жол бермеу мақсатында "Түнгі қаладағы балалар" жедел профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Нәтижесінде 292 құқық бұзушылық анықталып, 861 жасөспірім полиция бөліміне жеткізілді.
Бала тәрбиесінде жауапкершілік танытпаған 68 ата-анаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, ісі сотқа жолданды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 30 ойын-сауық орнының иелеріне әкімшілік шара қолданылды.
Кәмелетке толмағандарды әкімшілік құқық бұзушылық жасауға тартудың 2 дерегі бойынша ата-аналар жауапкершілікке тартылып, түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз үйден тыс жерде жүргені үшін 626 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, қылмыс жасағаны және бірнеше рет әкімшілік құқық бұзғаны үшін 26 жасөспірім, 23 қолайсыз отбасы профилактикалық есепке алынды. Төрт ата-ана ата-ана құқығынан айырылып, қаңғыбастыққа салынған 26 бала арнайы бейімдеу орталығына орналастырылды.
Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қатаң бақылау орнатты. Жыл басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзудың 16 377 дерегі анықталды.
- Өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны 11-ге төмендеді. Бұл – атқарылып жатқан кешенді шаралардың оң нәтижесін көрсетеді. Осы бағыттағы жұмыстар әрі қарай күшейтілетін болады. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ақпанның 18-21 аралығында облыс көлемінде "Қауіпсіз жол" жедел профилактикалық іс-шарасы өтеді, – деп атап өтті Ердәулет Жаукеев.
Ішкі істер министрлігі 2025 жылды "Профилактика жылы" деп жариялауына байланысты әр аптаның жұма, сенбі және жексенбі күндері полиция нарядтарының саны арттырылып, облыс көлемінде "Қауіпсіз аймақ" жедел профилактикалық іс-шарасы тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Қызылорда полицейлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып, тұрғындардың құқықтарын қорғау және қылмыстың алдын алу үшін кешенді шараларды одан әрі күшейтпек.