Қызылордада ҚАЖ қызметкерлері арасында "Көңілді старт" отбасылық эстафетасы өтті
Қызылордада ҚАЖ қызметкерлері арасында "Көңілді старт" отбасылық эстафетасы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Отбасы – адам өміріндегі ең басты құндылық. Отбасындағы татулық пен өзара қолдау әрбір жетістіктің бастауы. Осы орайда Отбасы күніне арналған мерекелік шаралар аясында Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ұйымдастыруымен ҚАЖ қызметкерлері арасында "Көңілді старт" отбасылық эстафетасы өтті.

Спорттық сайысқа ҚАЖ мекемелерінен төрт отбасы қатысып, өзара бақ сынады. Атап айтқанда, Жандидаевтар, Мұхановтар, Қазанғаповтар және Әбиевтер отбасы спорттық шеберліктерін ортаға салды.
Жарысқа әр отбасы әке, ана және екі баладан құралған команда ретінде қатысты. Бұл өз кезегінде ата-ана мен бала арасындағы өзара қолдау мен ұйымшылдықты айқын көрсетті.

Шараның ашылуында ҚАЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы Мейрам Бекжанов барша қатысушыларды Отбасы күнімен құттықтап, отбасыларына амандық, шаңырақтарына бақ-береке тілеп, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
"Көңілді старт" бес кезеңнен тұрды. Әр кезеңде қатысушылардың шапшаңдығы, ептілігі, тапқырлығы мен төзімділігі сынға түсті. Әсіресе, отбасы мүшелерінің бір-біріне демеу болып, жеңіске бірге ұмтылған сәттері жарыстың көркін қыздырды.
Тартысты өткен сайыста командалар соңғы кезеңге дейін жеңіс үшін бар күшін салды. Нәтижесінде әділқазылар алқасының шешімімен: Бас жүлде – Қазанғаповтар отбасы, І орын – Жандидаевтар отбасы, ІІ орын – Әбиевтер отбасы, ІІІ орын – Мұхановтар отбасы иеленді.

Жарысқа әділ төрелік жасап, жеңімпаздарды анықтаған әділқазылар құрамында ҚАЖ департаменті бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Мақсұт Өтегенұлы, "Қажымұқан" спорт клубының директоры Салмурзаев Асылбек Нұрланұлы, Ардагерлер ұйымының төрағасы Талғат Шәкіұлы және "Еңбек-Қызылорда" РММ директоры Руслан Сағындықұлы болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды.
