Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында "Түнгі жолдағы қабылдау" профилактикалық акциясы өтті

Түнгі уақытта көлік жүргізу жүргізушіден барынша сақтықты талап етеді. Көріну мүмкіндігінің шектелуі, шаршау, жоғары жылдамдық немесе жолға күтпеген жерден шыққан үй жануары жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Осыған байланысты Ақтөбе – Атырау автожолының Мұғалжар ауданына жақын учаскесінде "Түнгі жолдағы қабылдау" профилактикалық акциясы өткізілді.

Жыл басынан бері аталған автожолдың Ақтөбе облысына тиесілі бөлігінде 28 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 14 адам қаза тауып, 58 адам түрлі дене жарақатын алған.

Профилактикалық іс-шара барысында бір түннің өзінде полиция қызметкерлері 30-дан астам автокөлікті тексерді. Нәтижесінде жолаушыларды белгіленген мөлшерден артық тасымалдау, жылдамдық режимін бұзу, заңсыз жолаушы тасымалдау, жарық беру аспаптарын пайдаланбау, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту және басқа да жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері анықталды.

Сонымен қатар полицейлер жүргізушілердің денсаулық жағдайы мен көлік құралын басқаруға жарамдылығына назар аударды.

Полиция жүргізушілерді түнгі уақытта жылдамдықты төмендетіп, жолдағы ахуалды ескеруге және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Ал мал иелері жануарларын қараусыз қалдырмай, олардың жолға шығып кетуіне жол бермеуі қажет.

Жол қауіпсіздігі – баршаға ортақ жауапкершілік. Түнгі жолда асықпай, сақтықпен жүру – діттеген жерге аман жетудің ең дұрыс жолы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру