Жас сақшыларға Екібастұз полициясының жұмысы таныстырылды
Жас сақшыларға Екібастұз полициясының жұмысы таныстырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" идеологиясын жүзеге асыру аясында "Жас сақшы" сыныбының оқушылары үшін Екібастұз қаласы полиция басқармасына танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Жас сақшыларды Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов қарсы алып, полиция қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді. Сонымен қатар оқушылар үшін тікелей эфир өткізіп, құқық қорғау органының күнделікті жұмысымен таныстырды.
Жедел басқару орталығы оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Мұнда оларға бейнебақылау жүйесінің жұмысы көрсетіліп, камералар арқылы қоғамдық тәртіптің қалай бақыланатыны, құқық бұзушылықтар мен оқиғаларға жедел ден қоюдың және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жолдары түсіндірілді.
Экскурсия барысында оқушылар полиция музейіне де барды. Ішкі істер органдары ардагерлері кеңесінің төрайымы Бибігүл Исаева жас сақшыларға құқық қорғау қызметінің тарихы, ішкі істер органдарының ардагерлері мен қалыптасқан дәстүрлері туралы әңгімеледі.
Криминалистикалық қызмет мамандарымен кездесу де балалардың қызығушылығын арттырды. Мамандар оқиға болған жерді қарау, дәлелдемелерді жинау және қылмыстарды ашу кезінде қолданылатын заманауи жабдықтарды таныстырды. Оқушылар криминалистердің жұмыс ерекшелігімен танысып, жауапкершілігі жоғары мамандық туралы мағлұмат алды.
Бұдан кейін жас сақшыларға ЖҚАЖ қызметкерлерінің жұмысы таныстырылды. Полиция қызметкерлері өз қызметінің ерекшеліктерін айтып, арнайы қару-жарақтарды көрсетті. Қызметкерлердің бақылауымен және қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, оқушылар оқу автоматын бөлшектеп, қайта жинап көруге мүмкіндік алды.
Сондай-ақ оқушылар тергеу-жедел тобының қызметтік автокөлігімен танысты. Оларға көліктің арнайы жабдықтары көрсетіліп, оның оқиға орнына жедел жету және қажетті жұмыстарды жүргізу кезіндегі маңызы түсіндірілді. Жас сақшылар автокөлікті сыртынан қарап қана қоймай, ішкі жабдықтарымен де жақынырақ танысты.
Танымдық экскурсия жас сақшылар үшін полиция қызметімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңға деген құрметін арттыруға және "Заң мен тәртіп" қағидаттарын тереңірек түсінуге ықпал етті.
