Қызылорда облысы ПД қызметкерлері "КІТАП-TIME-2026" V республикалық фестиваліне қатысты
Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен "КІТАП-TIME-2026" V республикалық фестиваліне қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Рухани-танымдық іс-шараға Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмірбек Шаймағамбетов, жедел басқару орталығының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері мен кітапхана оқырмандары қатысты.
Фестиваль аясында полиция қызметкерлері кітапхананың тыныс-тіршілігімен танысып, кітап қорын, электронды каталогты пайдалану мүмкіндіктерін көрді. Сонымен қатар түрлі әдеби-танымдық алаңдарға қатысып, кітап көрмелерін тамашалады.
Полиция қызметкерлері үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Себебі құқық қорғау саласы қызметкерінің кәсіби білімімен қатар ой-өрісінің кеңдігі, дүниетанымы мен рухани дамуы да маңызды. Кітап оқу – адамның сыни ойлау қабілетін жетілдіріп, білімін толықтыруға және тұлғалық тұрғыда дамуына ықпал ететін тиімді құрал.
Іс-шара барысында кітаптың адам өміріндегі маңызы, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпақ арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселелері сөз болды.
Полиция қызметкерлері де кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттырып, кітапханамен тұрақты байланысты жалғастыруға ниетті екенін жеткізді. Кітап – білім мен руханияттың бастауы. Ал білімді, ізденімпаз қызметкер – ел қауіпсіздігіне адал қызмет етудің берік негізі.
