Адалдықты ту еткен жас ұрпақ
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында Орал қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №46 мектептің "Жас сақшы" полиция сыныбының оқушыларымен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиынның негізгі мақсаты – полиция, мектеп және ата-ана арасындағы байланысты нығайта отырып, жас сақшыларды отансүйгіштікке, адалдыққа, жауапкершілікке, тәртіп пен заңды құрметтеуге баулу.
Полиция департаменті қызметкерлерінің бастамасымен өткізілген бұл кездесуге мектеп әкімшілігі, "Жас сақшы" сыныбы оқушыларының ата-аналары қатысты.
Кездесу барысында жеке құраммен жұмыс басқармасы бастығының орынбасары Сержан Есимов, мектеп директоры Мөлдір Жұмағазиева, музей меңгерушісі Алтын Қадырғалиева, арнайы кәсіби даярлығы басқармасының аға инспекторы Бейбіт Шакиров және Орал қалалық патрульдік батальонының психолог-инспекторы Алтынгүл Узенбаева сөз сөйлеп, оқушыларға құқық қорғау органдарының оқу орындарына түсу тәртібі, полиция қызметіне жұмысқа орналасу кезінде ескерілетін негізгі талаптар түсіндірілді.
Сонымен қатар жаңа оқу жылына жоспарланған жұмыстар мен оқушылардың кәсіби бағдарын арттыруға бағытталған іс-шаралар таныстырылды.
Ата-аналар тарапынан балалардың денсаулығы мен дене дайындығына, сондай-ақ ҰБТ кезінде таңдалатын пәндерге қатысты сұрақтар қойылып, мамандар тарапынан тиісті түсіндірмелер берілді.
Мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақ кәсіби жолын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді.
