Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісуда өткен көкпар жарысында полицейлер есірткінің зияны туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді

Жетісуда өткен республикалық көкпар жарысында полицейлер есірткінің зияны туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысының Панфилов ауданында ұлттық ат спортының ұлы тойы – Жаппай Көкпар Федерациясының тұңғыш кубогы ұйымдастырылды. Ауқымды шара көкпар жанкүйерлерінің басын қосып қана қоймай, маңызды әлеуметтік жұмыстар жүргізілетін алаңға айналды.

Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған командалар қатысты. Әр команда құрамында 18 бен 45 жас аралығындағы 20 шабандоз және 60 аттан болды. Ұлттық спорттың көрігін қыздырған дүбірлі додаға 5000-нан астам көрермен жиналды.

Көкпар додасы барысында тек спорттық тартыс емес, жастарға бағытталған тәрбиелік іс-шаралар да ұйымдастырылды. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері нашақорлыққа қарсы профилактикалық акция өткізіп, есірткінің зияны туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Полицейлер жас ұрпақты зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Акция барысында қатысушылар мен көрермендерге 1000-нан астам ақпараттық буклет таратылды.

Жарыс нәтижесі бойынша орындар берілді:

1-орын – Түркістан облысы;
2-орын – Шымкент қаласы:
3-орын – Жетісу облысы.

Көкпар – бұл жай ғана сайыс емес, ата-бабадан мұра болып жеткен ұлттық рухтың көрінісі. Ол шабандоздардың күш-жігері мен төзімділігін сынап қана қоймай, командалық рух пен бірлікті нығайтады. Дәстүр мен тәрбиелік мәні зор шаралардың үйлесуі мұндай жарыстардың қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру