Қарағандыда мас жүргізушілер мен заңсыз тауар айналымына қарсы күрес күшейтілді
Қарағандыда полиция мас жүргізушілермен және заңсыз тауар айналымымен күресті жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласының полиция қызметкерлері көлік құралдарын алкогольдік масаң күйде басқару жағдайларын анықтау және жолын кесу бойынша тұрақты түрде іс-шаралар өткізуде. Тек өткен аптада ғана жүргізілген рейдтер барысында алты мас жүргізуші анықталды.
Мәселен, Қарағанды қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция экипажы Mercedes автокөлігін тоқтатқан. Көлікті 40 жастағы жүргізуші басқарған. Құжаттарын тексеру барысында оның алкогольдік масаң күйде екені анықталды. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік материал толтырылып, іс сотқа жіберілді.
Видео • YouTube
Сонымен қатар жедел іс-шаралар аясында полицейлер BMW автокөлігін тоқтатқан. Көлікті тексеру кезінде қажетті құжаттары жоқ екі қорап электронды темекі анықталып, тәркіленді. Аталған факт полицияда тіркеліп, тергеу жүргізіліп жатыр.
– Көлікті масаң күйде басқару және заңсыз тауар айналымына қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасуда. Азаматтарды заңды сақтауға және осындай фактілер туралы полицияға хабарлауға шақырамыз, – деп атап өтті Қарағанды қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция полкінің командирі Ринат Өскембек.