Жетісу облысының бас полицейі тұрғындармен кездесті
Жетісу облысы полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсаинов өңірдің аудандарын аралап, халықпен кездесулер өткізуді жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кезекті сапар барысында Жетісудың бас полицейі Панфилов және Кербұлақ аудандарының тұрғындарымен жүздесті. Кездесу барысында ол аудандардағы жедел жағдайға тоқталып, тұрғындарға құқық бұзушылықтардың алдын алу жолдары туралы кеңес берді.
Ашық диалог форматында өткен жиында ПД бастығы қоғамдағы өзекті мәселелерге, оның ішінде: нашақорлық, интернет-алаяқтық, жол қозғалысы қауіпсіздігі, мал ұрлығы мәселелеріне тоқталып, сақтық шаралары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Тұрғындар белсенділік танытып, түрлі сұрақтар қойды. Полиция қызметкерлерімен әр сұраққа толыққанды жауап берілді, ал шешілуі уақыт талап ететін мәселелерді департамент басшысы жеке бақылауына алды.
Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосқан екі ауданның белсенді тұрғындары кездесу соңында алғыс хаттармен марапатталды.
Осындай кездесулер халық пен құқық қорғау органдары арасындағы байланысты нығайтып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өзара тиімді серіктестік орнатуға ықпал етеді.