Қызылорда облысының бас полицейі қала тұрғындарымен кездесті
Қызылорда облысының бас полицейі қала тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласының Өсербаев көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің тұрғындары ерекше жиынның куәсі болды. Қаланың тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігін басты назарда ұстаған Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов, Қызылорда қаласы полиция басқармасының бастығы Дәулет Беркімбаев және қала әкімі Нұржан Ахатов жергілікті тұрғындармен ашық сұқбат құрды.
Өсербаев көшесі – бірнеше жылдан бері тұрғындардың наразылығын тудырып келген аймақтардың бірі. Бұл мәселені назардан тыс қалдырмаған департамент бастығы аталған аумақта күшейтілген тәртіпте қызмет атқарылып жатқанын, қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Кездесу барысында тұрғындар өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Бірі көпқабатты үйлер маңындағы тазалық, жол белгілерінің жетіспеушілігі, кәсіпкерлік нысандардың жұмыс уақытын реттеу және бейнебақылау камераларын орнату мәселелерін көтерсе, енді бірі аулада көліктерді дұрыс орналастыру, балалардың қауіпсіздігі мен жалға берілетін пәтерлерді заңды түрде рәсімдеу қажеттігін сөз етті. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің атқарған жұмыстары үшін ризашылығын білдірген тұрғындар да аз болмады.
Құқық қорғау органдарының өкілдері көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын және полиция қызметкерлері бұдан әрі де күшейтілген тәртіпте жұмыс атқаратынын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның басты міндеті – қылмыстың алдын алу, халықпен тығыз байланыс орнату және азаматтардың сеніміне ие болу екенін атап өткен болатын. Осы бағытта біз өз жұмысымызды одан әрі жетілдіріп, халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуды жалғастырамыз, – деп қорытындылады Қызылорда облысы ПД бастығы.