"Таңдау сенің қолыңда": Атырауда жастарға арналған есірткіге қарсы іс-шара өтті
Атырау қаласында жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру және зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында ерекше профилактикалық шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Оған бірнеше колледжден келген студенттер, сондай-ақ Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, кинологиялық қызмет орталығы және жылдам қимылдайтын арнайы жасақ тобының қызметкерлері қатысты.
"Таңдау сенің қолыңда" атты бұл іс-шараға 200-ге жуық жасөспірім қамтылып, оларға есірткінің зияны, оның денсаулыққа тигізетін ауыр зардаптары, сондай-ақ есірткіге байланысты құқықбұзушылықтардың салдары түсіндірілді.
Шара барысында студенттер викторинаға қатысып, синтетикалық есірткілердің қауіптілігі туралы пікір алмасты. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ сарбаздары қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсетіп, өзін-өзі қорғау әдістерімен таныстырды. Ал кинологиялық қызмет орталығының мамандары Хан атты қызметтік иттің көмегімен есірткі заттарын анықтау тәсілдерін көрсетті.
Осындай іс-шаралар жастарға құқықтық білім беріп қана қоймай, олардың салауатты өмір салтын ұстанып, зиянды әдеттерден аулақ болуына ықпал етеді.