Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО бойынша ҚАЖД мекемесінде тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды

Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай Батыс Қазақстан облысындағы №74 мекемесінде тәрбиелік іс-шара өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №74 мекемесінде сотталғандар арасында Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына орай тәрбиелік іс-шара өткізілді. Ұлы ақынның қара өлеңдері, қара сөздері мен шығармалары қазақ халқының әлеуметтік және моральдық мәселелерін кеңінен қозғай отырып, бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай келеді.

Іс-шара барысында Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған әңгімелер айтылып, ақынның терең ойлары мен тағылымды сөздері тыңдалды. «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: есітіп, көріп, ұстатып, татып ескерсе дүниедегі жақсы мен жаманды таниды. Сондайдан білгені, көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады… Сол естілерден есітіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады» деген Абайдың нақыл сөздерімен аяқталды.

Іс-шарада ақынның «Көзімнің қарасы» және «Желсіз түнде жарық-ай» атты әндері де орындалды. Мақсаты – қазақтың ұлы ойшылы, ақыны әрі философы Абай Құнанбаевтың бай рухани мұрасын насихаттау, жастарға патриоттық тәрбие беру болды.

– Абай Құнанбаевтың шығармашылық күнін өткізу арқылы біз оның өмірін, шығармашылығын, терең рухани мұрасын дәріптеу, сондай-ақ жастарды тәрбиелеу мақсатында тәрбиелік мәні зор шара ұйымдастырдық, – дейді жасақ бастығы Алия Аймагамбетова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру