Құралай Қабырайқызы жауынгерлік самбодан Қазақстан чемпионатында бірінші орынды жеңіп алды
Ақтау қаласында өткен ересектер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан Қазақстан Республикасының чемпионатында БҚО полиция департаментінің қызметкері Құралай Қабырайқызы жауынгерлік самбодан 54 келі салмақта жүлделі бірінші орынға ие болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
25-27 ақпан күндері аралығында Ақтау қаласында ересектер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан Қазақстан Республикасының Чемпионаты өтті. Бұл байрақты бәсекеге еліміздің 17 облысы мен 3 қаласынан 600-ге жуық спортшы қатысты.
Батыс Қазақстан облысынан қатысқан спортшылар жалпы саны 4 алтын, 3 күміс, 4 қола медальмен оралды. Чемпионатта жауынгерлік самбодан БҚО полиция департаментінің қызметкері Құралай Қабырайқызы 54 келі салмақта жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Чемпионаттың қорытындысы бойынша 1, 2, 3-орын иегерлері «ҚР спорт шебері» атағына ие болды.
Нәтижесінде Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасы жасақталды. Олар сәуір айында Ташкент қаласында өтетін Азия чемпионаты мен Түркменстанда өтетін Әлем чемпионатына дайындықты бастайды. Айта кетейік, Азия чемпионаты 2025 жылдың сәуір айында Ташкентте, ал Әлем чемпионаты қарашада Ашхабад қаласында өтеді.
Талай белестерді бағындырып, көк байрағымызды әлемге паш етіп жүрген Құралай Қабырайқызын құттықтай отырып, алдағы сайыстарда жеңіс тілейміз!