Алматы академиясының делегациясы Өзбекстан Республикасының ведомстволық оқу орындарына іссапармен барды
Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы 2024–2034 жылдарға арналған стратегиялық әріптестік пен одақтастық жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясының басшылығы Өзбекстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің оқу орындарына сапар жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іссапардың негізгі мақсаты – ішкі істер органдары үшін кадрларды даярлау және қайта даярлау саласында тәжірибе алмасу, сондай-ақ кәсіби ынтымақтастықты нығайту.
Шара бағдарламасы аясында Қазақстан делегациясы Өзбекстан Республикасы ІІМ академиясына және Өзбекстан Республикасы Қоғамдық қауіпсіздік университетіне барды.
Кездесу барысында қазақстандық мамандар көршілес әріптестерінің білім беру бағдарламаларымен, оқытудағы инновациялық әдістерімен, оқу инфрақұрылымымен және жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасымен танысты. Әсіресе, курсанттардың қызметке барынша жақындатылған жағдайларда практикалық дайындықтан өтетін оқу полигондары ерекше қызығушылық тудырды.
- Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық стратегиялық әріптестік рухында дамып келеді. Мұндай кездесулер бізге үздік тәжірибелермен алмасуға, мамандарды даярлау жүйесін жетілдіруге және кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Біз Өзбекстан Республикасы ІІМ оқу орындарының кадр даярлау жүйесімен танысып, ынтымақтастықтың келешекті бағыттарын талқылап, болашаққа жоспар құрғанымызға қуаныштымыз. Өзбек әріптестеріміздің қонақжайлығын жоғары бағалаймыз және өзара іскерлік байланысымызды жалғастыруға дайынбыз, – деді ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының бастығы Қалижан Қобландин.
Еске сала кетейік, Қазақстан мен Өзбекстан арасында стратегиялық әріптестік бағдарламасы аясында екі елдің басшылары қазақ-өзбек ынтымақтастығын одан әрі дамыту туралы екіжақты келісімге қол қойған болатын. Атап айтқанда, кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру саласында өзара тәжірибе алмасу көзделген. Бұл мақсатта бірлескен оқу-жаттығулар, тренингтер, семинарлар, конференциялар және басқа да білім беру іс-шаралары ұйымдастырылады.