Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ІІМ Ұлттық ұланға 7 мың жас сарбаз шақырылады

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес ҚР ІІМ Ұлттық ұлан қатарына көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жүргізіледі. Ол Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға шақыру тәртібімен жүзеге асырылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл сайын Ұлттық ұлан қатарына 14 мыңнан астам азамат шақырылады. 2025 жылғы көктемгі шақыру науқаны аясында жеті мыңға жуық азаматты әскери қызметке қабылдау жоспарланып отыр. Әскери бөлімдерді жасақтау 20 мамыр мен 30 маусым аралығында өтеді.

Сарбаздар негізінен республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда орналасқан әскери бөлімдерде қызмет етеді. Олардың міндетіне маңызды мемлекеттік нысандарды күзету, ішкі істер органдарымен бірлесе қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету кіреді.

Қазіргі уақытта Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің өкілдері қорғаныс істері жөніндегі басқармаларда шақырылушыларды алдын ала зерделеу және жасақтау шараларын жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, мерзімді әскери қызметшілерді қолдау мақсатында 2024 жылы Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға 3 мың білім гранты бөлінді. Оның 1 267-сі Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне бұйырды. Олардың 22-сі мерзімді қызметін өтегеннен кейін Ұлттық ұлан академиясына оқуға түсті. Енді Отан қорғаушылар лейтенант шенін алу жолында білім алуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру