Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да батыр полицейлердің аналары мен байқау жеңімпаздары марапатталды

СҚО-да 8 наурыз қарсаңында батыр полицейлердің аналары мен байқау жеңімпаздары марапатталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өткізді.

Бүгінде СҚО-да 480 әйел полиция қызметкері қызмет атқаруда. Олардың қатарында әр түрлі деңгейдегі 15 басшы, 3 полиция полковнигі бар. Облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов құттықтау сөзінде әйелдердің полициядағы барлық дерлік бөлімшелерде жұмыс істейтінін, сонымен бірге олар қамқор аналар мен әйелдер болып қала беретінін атап өтті.

Мерекенің құрметіне ІІО-ның бірқатар әйел қызметкерлері мен ардагерлері облыс әкімінің, ҚР ІІМ және СҚО ПД-ның құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды. Ювеналдық полицияның екі қызметкері “Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен марапатталды. Тағы үш полицей әйелге “Ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгісі тағылды.

Бұдан бөлек, адамдарды от пен судан аман алып қалған полицейлердің аналары – Күләй Қошмағамбетова, Бибігүл Балтабаева, Любовь Синицына және Гүлсара Бәкірова марапатталды. Оларға “Аяулы ана” медалі табысталды.

Сондай-ақ сахна төріне “Сақшы арулар” байқауының жеңімпаздары шықты. Бұаған дейін погон киген қыз-келіншектер кәсіпқойлық пен шығармашылық қабілеттерін ортаға салып жарысты. Бірінші орынды тергеу басқармасының бөлім бастығы полиция подполковнигі Гүлмира Сағитова иеленді. Байқаудың барлық жүлдегерлеріне естелік сыйлықтар берілді.

Салтанатты бөлімнен кейін көрермендер ән мен биден құралған концертті тамашалады. Оған СҚО ПД мәдени орталығының және шақырылған әртістер қатысты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру