Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полицейлер студенттерге ерекше дәріс өткізді

Абай облысында полицейлер студенттерге ерекше дәріс өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы мен кинологиялық қызметінің мамандары Семей қаласындағы Геодезия және картография жоғары колледжінің студенттерімен кездесу ұйымдастырып, оны ерекше форматта өткізді.

Полиция қызметкерлері тек теориялық ақпаратпен шектелмей, қызмет барысында кездескен нақты оқиғаларды баяндап, есірткінің қандай қауіп төндіретінін көрсетті. Олар жастарға қылмыстық топтардың алдау тәсілдері, есірткі таратушылардың айлакерлігі және олардың құрбанына айналмаудың жолдары туралы жан-жақты түсіндірді.

Кездесудің ең әсерлі бөлігі – кинологтардың көрсетілімі болды. Арнайы үйретілген қызметтік иттер тыйым салынған заттарды шебер анықтап, қырағылықтарын дәлелдеді. Болашақ геодезистер мен картографтар полицияның жедел іздестіру жұмыстарының қалай жүргізілетінін өз көздерімен көрді.

Студенттерге есірткінің тек денсаулыққа зиян тигізіп қана қоймай, заңмен қудаланатын ауыр қылмыс екенін ескерткен тәртіп сақшылары: “Болашақтарыңыз – өз қолдарыңызда”, – деп, жастарды сақ болуға және саналы таңдау жасауға шақырды.

Осындай кездесулер білім берумен қатар, жастардың өмірге деген жауапкершілігін арттырып, оларды салауатты әрі қауіпсіз болашаққа жетелейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру