Мас күйде тәртіп бұзған жолаушы пойыздан түсірілді
Мас күйде тәртіп бұзған жолаушы пойыздан түсірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері еліміздің теміржол және әуе көлігі объектілерінде 17957 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін 1273 дерек, ұсақ бұзақылық үшін 126 факті, полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін 22 жайт және т.б. деректер анықталды.
Мәселен, Шымкент станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Қызылорда қаласының 27 жастағы тұрғынын қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін пойыздан түсіріп алды. Оқиға Алматы – Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызында болған. Әйел адам мас күйде болып, балағат сөздер айтып, басқа жолаушылар мен жолсеріктердің ескертулеріне құлақ аспаған.
Сонымен қатар ол полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай. қарсылық көрсеткен. Құқық бұзушы полиция бөлмесіне жеткізіліп, алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүру, ұсақ бұзақылық жасау, сондай-ақ құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбау бойынша жауапкершілікке тартылды.
Пойыздағы қоғамдық тәртіпті сақтау – барлық жолаушы үшін міндет. Басқа жолаушыларды құрметтеу, мінез-құлық ережелерін бұзбау және теміржол көлігіндегі қауіпсіздік пен жайлылыққа қауіп төндіретін жағдайлар туғызбау маңызды.