Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Биыл мыңнан астам ұландық отандық және шетелдік әскери жоғары оқу орындарында білім алуда

Қазіргі уақытта мыңнан астам әскери қызметші жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын меңгеруде. Олардың ішінде шамамен 800-і – отандық оқу орындарында, ал 30-дан астам офицер мен 200-ге жуық курсант Ресей, Түркия және Қытай елдерінде оқып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ерекше назар құқықтық тәртіп әскері офицерлерінің қайта даярлау және біліктілігін арттыруға аударылады. Жыл сайын 450-ге жуық әскери қызметші Қазақстан мен шетелдегі арнайы курстарға жіберіледі.

Оқу процесі шынайы жағдайларға барынша жақындатылған. Қатаң тәртіп, тактикалық дайындық және заманауи әскери стратегияларды зерттеу болашақ сенімді офицер ретінде қалыптасуына ықпал етеді.

– Қазақстандық курсанттармен қатар, біздің университетте ТМД елдері мен Африка құрлығынан келген тыңдаушылар да білім алуда. Мен Қазақстан және ҚР ІІМ Ұлттық ұлан атынан осы оқу орнында оқып жүргеніме мақтанамын. Оқу бізге әскери журналистика саласында білім беріп қана қоймай, тактика, қару-жарақ пен ұрысты ұйымдастыру қағидаларын түсінуге мүмкіндік береді. Біз нақты әскери операцияларды талдап, стратегиялық шешімдерді зерттейміз және далалық жаттығуларға шығамыз, – дейді РФ Қорғаныс министрлігінің Әскери университетінің 5-курс курсанты Әлішер Асқарбек.

Ұландықтарды даярлау кезінде басты назар тәртіпке, дене және жауынгерлік дайындыққа аударылады.

– Түркия Жандармерия академиясында біз тіл үйрену, саптық даярлық бойынша сабақтарға қатысып, әскери тактиканы меңгерудеміз. Инструкторлар өз тәжірибелерімен бөліседі, ал қатаң тәртіп пен жоғары қарқын болашақта кез келген жағдайға бейімделуге көмектеседі, – дейді Түркия Республикасы Жандармерия және жағалау күзеті академиясының дайындық курсының курсанты Ғани Ұзақбай.

Айта кету керек, Ұлттық ұлан  офицерлерінің жауынгерлік әзірлігін, кәсібилігін және басқа да күш құрылымдары арасындағы беделін қамтамасыз ету - оның даярлығының маңызды элементі саналады. Бұл үдерістің артында қазақстандық және шетелдік әскери оқу орындарының көпжылдық еңбегі тұр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру