Павлодар облысында полицейлер мас жүргізушілерді анықтады
Павлодар облысында полицейлер мас жүргізушілерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мас күйде көлік жүргізу – ауыр қылмысқа жатады. Себебі мұндай жүргізуші жолдағы жағдайды дұрыс бағалай алмайды, ал оның салдары қайғылы оқиғаларға әкелуі әбден мүмкін.
Мысалы, Павлодарда полиция қызметкерлері Астана көшесінде Skoda Yeti автокөлігін тоқтатты. Көлік тізгінінде отырған ер адамның мас болуы мүмкін деген күдік туындап, медициналық тексеріс нәтижесінде оның есірткі қолданғаны анықталды. Сонымен қатар бұл жүргізуші 2024 жылдың сәуір айында дәл осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған екен. Бірақ ол сот шешіміне қарамастан тағы да рөлге отырған.
Бұдан бөлек, Н.Назарбаев көшесінде ВАЗ автокөлігінің жүргізушісі де мас күйінде ұсталды. Бұл факт медициналық сараптамамен расталды. Ал Естай мен Академик Сәтбаев көшелерінің қиылысында Lada автокөлігінің жүргізушісі есірткілік масаң күйде көлік жүргізгені анықталды. Соңғы екі жағдай бойынша әкімшілік материалдар толтырылып, сотқа жіберілді. Барлық заң бұзушылардың көліктері айып тұрағына қойылды.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері аймақта мас күйде көлік жүргізудің 200-ге жуық фактісі тіркеліп, олардың жолы кесілген.
Полицейлер азаматтарға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Егер мас адамның көлік жүргізіп жатқанын немесе рөлге отыруға ниетті екенін байқасаңыз, дереу “102” нөміріне хабар беріңіз. Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ішкі істер органдарының басты міндеттерінің бірі. Заң бұзған әр азамат жауапкершіліктен құтыла алмайды.