Интернеттегі індет: алаяқтардан қалай қорғанамыз?
Бір сәттік аңғалдығыңыз сан соқтырып, алаяқтардың құрбанына айналуыңыз мүмкін. Бүгінде интернеттегі қылмыстық схемалар күн сайын жаңаруда. Азаматтардың сеніміне кіріп, оңай олжа табуды көздеген алаяқтардан қорғану қаншалықты мүмкін? Оларға қарсы күресте қандай шаралар қолға алынуда? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін Polisia.kz сайтының тілшісі Алматы облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Нұржан Кеңесханұлымен сұқбаттасты.
— Жыл басынан бері интернет-алаяқтық фактілерінің саны азайды деп айттыңыз. Бұл қандай көрсеткіштермен дәлелденеді?
— Иә, 2024 жылдың басынан интернет алаяқтық қылмыстарының тіркелуі 7,8% төмендеді. Егер өткен жылы 103 факт тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 95-ке дейін азайды. Қылмыстардың алдын алу және ашу жұмыстары күшейтілгендіктен, 18 қылмыстық іс тергеліп, сотқа жолданды.
— Ал жәбірленушілерге келтірілген шығын қалай өтеледі, жалпы алаяқтардың қалтасына түскен қаржыны қайтарып алу мүмкін бе?
— Көп жағдайда шығын өтеледі. Мысалы, қаңтар айында жәбірленушілерге 49 379 008 теңге қайтарылды. Сонымен қатар Антифрод орталығының платформасы арқылы 343 алаяқтық әрекеттің жолы кесіліп, 5 548 763 теңге бұғатталды. Қазіргі уақытта бұл қаражатты иелеріне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Ірі қылмыстық топтардың жолын кесу бойынша қандай жұмыстар жүргізілді?
— Алматы облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы мен Іле аудандық полиция қызметкерлерінің бірлескен жұмысы нәтижесінде 20 адамнан тұратын дропперлер тобы әшкереленді. Олар алаяқтық жолмен алынған қаражатты криптовалютаға айналдырып отырған. Қазіргі таңда қылмыстық топтың сегіз мүшесі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
— Бұдан бөлек, қандай ірі алаяқтық қылмысы ашылды?
— Жамбыл аудандық полиция басқармасымен бірлескен операция барысында интернет-алаяқтықпен айналысқан екі азамат ұсталды. Олар банк қосымшасын пайдаланып, азаматтарды құрыққа түсірген. Келтірілген материалдық шығын – 45 000 000 теңге. Күдіктілердің бірі қамауға алынды. Тағы бір ерекше жағдай – Талғар ауданында қайтыс болған азаматтың фотосын пайдаланып, жалған қайырымдылық акциясын ұйымдастырған алаяқтың әшкереленуі. 5000-ға жуық азамат оның есепшотына қаражат аударған, нәтижесінде 11 000 000 теңге жиналған. Бұл азаматшаға қатысты қазір 5 қылмыстық іс тергеліп жатыр.
— Заңсыз ақша айналымын ұйымдастырғандар ұсталды ма?
— Қарағанды қаласының 28 жастағы тұрғыны 71 интернет-алаяқтық дерегіне қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
— Профилактика жылында алаяқтықтың алдын алу бойынша қандай шаралар атқарылуда?
— Ия, Ішкі істер министрлігі 2025 жылды профилактика жылы деп жариялады. Осы бағытта Алматы облысы полиция департаменті "Киберқылмысқа, оның ішінде телефон және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл" бағдарламасы аясында бірнеше маңызды шараны жүзеге асырды.
Ұйымдастырылған іс-шаралар:
✔ 7 кең ауқымды акция ұйымдастырылып, 4500 брошюра мен жадынама таратылды.
✔ Қоғамдық орындарда 11 билборд, 11 LED-экран орнатылды.
✔ 10 мектепте арнайы профилактикалық сабақтар өтті.
✔ 2 мешітте, орталық базарларда, сауда орталықтарында ақпараттық материалдар таратылды.
✔ Жергілікті газеттерде 10 мақала жарияланып, полиция басшылары ресми парақшаларында тұрақты түрде ескертпе жазбалар шығарып келеді.
✔ Жыл басынан бері әлеуметтік желілерде 20-дан астам видеоролик пен 10 бейнеөтініш жарияланды.
Сонымен қатар ПД қызметкерінің айтуынша, "Аманат" партиясы жанындағы "Жастар рухы" еріктілерімен бірлесіп, Қонаев қаласында "Алаяқтықтан қалай қорғанамыз?" атты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шара барысында халыққа 1000 жадынама таратылып, толық ақпарат берілген.
— Алаяқтардың дәуірі жүріп тұрған тұста, бізге сақтық шараларын күшейту керек. Кибералаяқтардың құрығына түспеу үшін азаматтарға қандай кеңес бересіз?
— Біріншіден, қаржылық және жеке деректеріңізді бөтен адамдарға сеніп тапсырмаңыз. Банк карталарыңыздың мәліметтерін ешкімге айтпаңыз. Бейтаныс нөмірлерден келетін сілтемелерге өтпеңіз, күмәнді онлайн-сауда платформаларында ақша аударудан сақ болыңыз. Егер алаяқтықтың құрбаны болдым деп күмәндансаңыз, дереу полицияға хабарласу қажет. Қаншалықты тез хабар берілсе, соншалықты қылмысты тез ашу мүмкін болады.
Интернет-алаяқтықтың құрбаны болмас үшін полиция тағы бірнеше қарапайым сақтық шарасын ұсынады:
Интернет алаяқтық – бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі. Құқық қорғау органдары киберқылмыскерлермен күрес жүргізіп, түрлі шаралар атқаруда. Десе де, алданып жатқан қазақстандықтар жоқ емес. Біздің ең басты қаруымыз – сақтық пен ақпараттандырылған әрекет. Жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаңыз, күмәнді ұсыныстардан сақтаныңыз және алаяқтардың арбауына түспеу үшін құқық қорғау органдарының кеңестерін ұмытпаңыз. Алаяққа айласын асыруға жол бермеңіз!