Заң мен тәртіп жолындағы қырандай қырағы сақшылар
Қазақстан полициясының басты мақсаты – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау. Елдің амандығы жолында мүлтіксіз қызмет ету. Осы орайда, өткен жылы құрылған Алатау полиция бөлімінің жұмысы қалай жүріп жатыр? Тәртіп сақшылары қандай нәтижелерге қол жеткізді? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін Polisia.kz сайтының тілшісі қалалық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Сайдалинмен сұқбат құрды.
Құқық қорғау органдары міндеттерін тиімді орындау үшін үнемі жаңарып, құрылымдық өзгерістер енгізіп отырады. Соның жарқын мысалы – Алматы облысының қарқынды дамып келе жатқан Алатау қаласында жаңа полиция бөлімінің құрылуы.
Естеріңізде болса, 2024 жылдың 23 мамырында "Полиция департаментінің № 274 бұйрығы" негізінде Алматы облысы полиция департаментінің аппараты мен аудандық, қалалық бөлімшелерінің штаттары қайта бөлініп, жаңа бөлім ашылды. Бұл қадам құқық қорғау органдарының халыққа барынша жақындауын, жедел әрекет ету мүмкіндіктерін кеңейтуді және қылмыс деңгейін төмендетуді көздейді.
- Полиция бөлімінің құрылуы – аймақ тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Біз қылмыстың алдын алу, құқықтық тәртіпті нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп келеміз. Біздің басты міндетіміз – халықтың тыныштығын сақтау, – деп атап өтті Алатау қалалық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Сайдалин.
Жергілікті учаскелік инспекторлар құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері 21 қорғау нұсқамасы шығарылды. Құқық бұзушылық жасаған 7 азаматқа ерекше талаптар қойылды. Отбасылық зорлық-зомбылық құрбаны болған екі адам балаларының қауіпсіздігі үшін арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығына орналастырылды.
- Қазіргі уақытта полиция бөлімінің профилактикалық есебінде 34 азамат тіркелген. Оның ішінде 21 азаматқа қорғау нұсқамасы, 7 азаматқа ерекше талаптар белгіленді. 15 азамат ішкі істер органдарының есебінде тұр, ал 5 ата-ана кәмелетке толмаған балаларына тиісті тәрбие бермегені үшін әкімшілік бақылауға алынды, - деді Нұрлан Сайдалин.
Спикердің сөзінше, жыл ішінде аталған азаматтардың тұрғылықты мекенжайларына тексеріс жүргізіліп, құқықтық шектеулерді бұзу фактілері тіркелмеген.
Әкімшілік құқық бұзушылықтармен күрес
Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабына сәйкес алкоголь өнімдерін сату талаптарын бұзған төрт дүкен анықталды. Дүкен иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ювеналды полиция қызметкерлері тұрақты рейдтер ұйымдастырып келеді. "Жол қауіпсіздігі", "Нашақорлыққа жол жоқ", "Түнгі қаладағы балалар" секілді профилактикалық іс-шаралар өтіп, түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Интернет-алаяқтықпен күрес
Соңғы жылдары интернет-алаяқтық қылмыстарының көбеюіне байланысты Алатау қалалық полиция бөлімі тұрғындарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтті. Instagram әлеуметтік желісі арқылы арнайы ақпараттық жарияланымдар дайындалды. Қаладағы дүкендер мен сауда орталықтарына ақпараттық брошюралар мен плакаттар ілінді.
Нұрлан Сайдалиннің айтуынша, бүгінде қылмыстың алдын алуда цифрлық технологияларды пайдалану аса маңызды.
- Интернет-алаяқтық фактілері жиілеп кеткендіктен, халыққа ақпарат тарату жұмысын күшейттік. Біздің басты мақсатымыз – азаматтарды қылмыстық әрекеттерден сақтандыру және құқық қорғау саласындағы заманауи әдістерді енгізу, – деді ол.
Қысқа уақыт ішінде Алатау қалалық полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Кадрлық құрамды толықтыру және білікті мамандарды тарту – негізгі басымдықтардың бірі. Алматы облысы полиция департаментінің өзге бөлімдерімен тығыз қарым-қатынасты дамыту – қылмыстың алдын алу мен қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған басты міндеттердің бірі болып қала бермек.