Талдықорғанда ерлікпен қаза тапқан полицейді еске алуға арналған турнир өтті
Талдықорғанда ерлікпен қаза тапқан полицейді еске алуға арналған турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорғанда Жетісу облысы полиция департаменті мен ҚР Ұлттық ұланының №5511 әскери бөлімінің қызметкерлері арасында 2-дәрежелі "Айбын" орденінің иегері Дархан Барғанаевты еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті. Жарысқа 16 команда қатысты.
Жарыстың ашылуында Жетісу облысы ПД бастығының орынбасары Қуат Оспанов қызмет бабында жанқиярлық танытып, ерлікпен қаза тапқан Дархан Барғанаевтың батылдығын атап өтті. Ол марқұмның отбасына естелік сыйлықтар табыстап, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың бастамасымен өткен турнир тартысты өтті.
Полиция қызметкерлері мен әскери бөлім сарбаздары өзара бақ сынап, жеңіске жету үшін барын салды. Жарыс нәтижесі бойынша бірінші орынды Жетісу облысы ПД командасы иеленсе, екінші орынды мамандандырылған күзет қызметі басқармасының командасы, ал үшінші орынды Талдықорған қалалық полиция басқармасының командасы қанжығасына байлады.
Турнир соңында ерлікпен қаза тапқан марқұмның жақындары алғыс айтып, жеңімпаздар марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар батырлық пен қайсарлықтың жарқын үлгісін көрсеткен азаматтарды еске алып, олардың ерлігін кейінгі ұрпаққа насихаттау үшін алдағы уақытта да жалғасатын болады.