Құжатсыз жүк тасымалдаған астаналық жүргізуші жауапқа тартылды
Астанада жүк көлігінің жүргізушісі құжатсыз жүк тасымалдағаны үшін жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Күйгенжар" бекетінде полиция қызметкерлері алдыңғы мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ "Shacman" жүк көлігін тіркемесімен тоқтатты.
Алайда жүргізуші полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, қалаға қарай қозғалысын жалғастырды. Кейіннен көлік бағдаршамда тоқтатылып, ұсталды.
Тексеру барысында 30 жастағы жүргізушінің тасымалданатын жүкке рұқсат құжаттарының жоқ екені анықталды.
Полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамау және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз көлік басқару деректері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Аталған құқық бұзушылықтар үшін жүргізуші үш тәулікке уақытша ұстау изоляторына қамалып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Астана қаласының полиция департаменті жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салады.
Жыл басынан бері елордада 2500-ден астам жүк көлігінің жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1000-нан астам мемлекеттік тіркеу нөмірі тәркіленді.