Өткен жылы Алматы облысында 5 мыңнан астам адам Қазақстан азаматтығын алды
Өткен жылы Алматы облысында 5 мыңнан астам адам Қазақстан азаматтығын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мәселелері құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында. Алматы облысында полиция қызметкерлері азаматтық алу туралы өтініштерді қарау және ресімдеу жұмыстарын заңнамаға қатаң сәйкестікте жүргізуде.
– Өткен жылы Алматы облысында 5293 адам Қазақстан азаматтығын алды. Олардың ішінде 4572-сі – тарихи отанына оралған этникалық қазақтар (қандастар). 199 адам халықаралық келісімдер аясында Қазақстан азаматы атанса, 378 әйел Қазақстан Республикасының азаматтарымен некеге тұру арқылы азаматтық алды. Ал 144 адамға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде азаматтық берілді, – дейді полиция өкілдері.
Сонымен қатар 2025 жылдың алғашқы екі айында 669 адам құжаттарын алып, Қазақстан азаматы атанды, ал қалған өтініштер қаралу сатысында. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.
Барлық рәсім заң талаптарына сәйкес, ашықтық және жеделдік қағидаттарын ескере отырып жүргізіледі. Полиция органдары әрбір өтінішті мұқият қарап, азаматтық беру мәселелерінің тиімді шешілуіне ықпал етуде.