Ұлттық ұланның әскери бөлімінде Наурыз мерекесіне орай әскери-спорттық эстафета өтті
20 наурызда Наурызнама онкүндігі шеңберінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімі Ұлттық спорт күніне арналған әскерилендірілген эстафета өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жарысқа қатысушылар классикалық әскери және ұлттық спорт түрлерінде күш, ептілік пен командалық рух көрсетті.
Эстафета бағдарламасына АК-74 автоматын бөлшектеу және жинақтау, улы газдан қорғайтын шлемде жүгіру мен топтық сайыстар кірді. Сондай-ақ шыдамдылыққа баулитын арқан тартыс, қол күрес, гір тасын көтеру сынды спорт түрлері енді.
Тартысты бәсекеде "Қайсар" командасы (жедел мақсаттағы 3-батальон) жеңімпаз атанды. Екінші орынды "Қалқан" командасы (қамтамасыз ету батальоны) иемденсе, ал қола жүлдені "Арлан" командасы (жедел мақсаттағы 1-батальон) жеңіп алды.
Жарыстың соңғы нүктесін чемпиондық жүгіру қойды, онда барлық қатысушы жауынгерлік рух пен бірлік танытты.
Мұндай іс-шаралар ұлттық спорт түрлерін дәріптеуге, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері арасында дене төзімділігі мен жауынгерлік дағдыларын дамытуға ықпал етеді.