Абай облысында қоғамдық орындарды ластаған 1300-ден астам азамат анықталды
Абай облысында ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны үшін 1300-ден астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында қоршаған ортаны ластауға қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Жыл басынан бері 1316 адам Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Құқық бұзушылықтар жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы тіркелуде. Бақылау жүйелері аулаларда, жол бойында, аялдамалар мен тұрғын үйлердің маңында орнатылған. Камералардың көмегімен полиция қызметкерлері құқық бұзушыларды жедел анықтап, тиісті шара қолдануда.
- Бейнебақылау жүйелерін пайдалану бізге құқық бұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, олардың алдын алуға да мүмкіндік береді. Азаматтарды тазалықты сақтауға және қоршаған ортаға құрметпен қарауға шақырамыз, – деп атап өтті Абай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Әсет Өтепов.
Полиция қызметкерлері қаладағы тазалық әр тұрғынның саналы әрекетіне байланысты екенін еске салады.