Қызылорда облысында полицейлер жоғалған бақташыларды іздеп тапты
Қызылорда облысында жоғалған бақташылар 9 сағат ішінде табылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысында полицейлер жергілікті шаруа қожалығының жоғалып кеткен бақташыларын іздеп тапты. Таңертең Жалағаш аудандық полиция бөліміне үш күн бұрын үш бақташының жоғалып кеткені туралы хабарлама түсті.
Олар Қаракеткен ауылынан жайылымдағы малды іздеп шыққан. Уақытылы оралмаған соң, отбасы мүшелері өз күштерімен іздеуге тырысқан. Алайда нәтиже болмағандықтан полицияға жүгінген.
Аталған дерек тіркеліп, адам жоғалу дерегі бойынша қажетті шаралар қолға алынды. Хабар түсе салысымен полиция қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстарын бастап кетті.
Полицейлер, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері және ауыл тұрғындарынан арнайы топ құрылып, жоғалғандарды іздеу жұмыстары жүргізілді. Ауданның барлық елдімекені мен далалық жолдары толық қамтылды.
Тоғыз сағатқа созылған іздеу жұмыстары сәтті аяқталды. Бүгін сағат 16:00 шамасында учаскелік полиция инспекторы Жалағаш ауданына қарасты, кенттен 160 шақырым жердегі Шақ-Шақ атты далалық аймақтан жоғалған малшыларды аман-есен тапты.
Қырағылық танытқан тәртіп сақшыларының жедел әрекетінің арқасында олар отбасыларымен қайта қауышты. Табылған азаматтар полиция қызметкерлеріне шынайы алғыстарын білдірді.