Тыныштық тізгінін ұстаған мотополиция
Астана қалалық патрульдік полициясының арнайы батальонында ерекше мәртебелі міндетті атқаратын бөлімше бар — ол эскорттық мотовзвод. Құрамында 16 кәсіби мотоциклист қызмет ететін бұл взвод еліміздің бірінші тұлғалары мен шетелдік мәртебелі меймандарды сапалы әрі қауіпсіз түрде сүйемелдеуді қамтамасыз етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елімізде өтетін әрбір маңызды мемлекеттік іс-шара, ресми сапар мен жоғары деңгейдегі кездесу мотополициясыз өтпейді. Олар тек қозғалыстың тәртібін сақтап қана қоймай, дәл белгіленген бағытпен жүруді, кортеждің тоқтаусыз әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді. Бұл — мінсіз үйлесімділік пен жоғары кәсіби дайындықты талап ететін қызмет.
Эскорттық взводтың басты міндеттері — саппен жүретін колоннаның бағытын қатаң ұстану, жолдағы өзгерістерге жедел әрекет ету және қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл — шынайы жинақылықты, темірдей тәртіпті және ептілікті қажет ететін жұмыс. Осы қасиеттердің барлығын бойына сіңірген мамандар әр сапарда өз шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Эскорттық мотовзводтың тізгінін полиция майоры Ринат Сәлімгереев ұстап отыр. Оның айтуынша, әрбір сүйемелдеу операциясы алдын ала мұқият дайындықты талап етеді.
— Кез келген іс-шараға дайындық бір айдан астам уақытқа созылады. Жаттығулар, маршруттарды жаттау, іс-қимылдарды синхрондау — бәрі де қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету үшін жасалады. Бұл — үлкен жауапкершілік, рухани дайындық пен темірдей төзімділікті талап ететін жұмыс, — дейді полиция қызметкері.
Айта кету керек, мотовзводтың қызметі тек ресми кортеждермен шектелмейді. Қаладағы күнделікті қызмет барысында олар қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысын бақылау, жедел әрекет ету және түрлі төтенше жағдайларда көмек көрсету жұмыстарын да атқарады.
Мотоциклмен жүретін полицейлердің басты артықшылығы — олардың жылдамдығы мен мобильділігі. Олар жолдағы кез келген жағдайға тез жетіп, қажет болған жағдайда тұрғындарға жедел көмек көрсете алады.
Мотоэкипаждың киімі де өзгеше. Қызмет барысында олар арнайы жасалған ауыр мотошлемдер мен теріден тігілген қорғаныс киімдерін киеді. Бұл — оларды қорғайтын әрі кәсіби ерекшелігін айқындайтын міндетті атрибут.
Бүгінде мотовзвод — патрульдік полиция қызметінің бет-бейнесі, сенімділік пен шапшаңдықтың символына айналған. Бұл бөлімшенің әрбір қызметкері ел игілігі жолында адал еңбек етіп, қоғам тыныштығы мен мемлекеттің абыройын күзетіп жүр.