Павлодарда полиция кәмелетке толмағандар арасында профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр
Павлодарда полиция кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыс жасап жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Жасөспірім" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Павлодар облысының тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Негізгі мақсат – жасөспірімдердің құқықтарын қорғау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Профилактикалық рейдтер барысында полицейлер жасөспірімдерге алкоголь өнімдерін заңсыз сату деректерін анықтап, құқық бұзушылықтардың жолын кесуге баса мән беруде.
Мәселен, Павлодар ауданына қарасты Набережное ауылындағы дүкендердің бірінде сатушы 21 жасқа толмаған азаматтарға екі бөтелке алкогольдік сусынын сатқан. Этил спиртінің көлемі – 4,6%. Сатушының айтуынша, жасөспірім ересек адамға ұқсап көрінгендіктен, құжат талап етпеген. Аталған дерек бойынша дүкен иесі мен сатушыға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, іс материалдары сотқа жолданды.
Полиция қызметкерлері сатушыларға кәмелетке толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін сатуға тыйым салынғанын және бұл әрекеттер заңмен жазаланатынын еске салады.
Сонымен қатар екі жасөспірім балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Алкоголь өнімдерін сатқан 9 сатушы заң алдында жауап берді. Бұған қоса, профилактикалық есепке 27 жасөспірім мен 19 тұрмысы қолайсыз отбасы қойылды.
Полиция қызметкерлері "Заң және тәртіп" қағидатын басшылыққа ала отырып, ата-аналарды балалардың бос уақытына, айналасындағы ортасына көбірек көңіл бөлуге шақырады. Бұл іс-шараның басты мақсаты – жазалау емес, керісінше, уақытылы араласып, баланың болашағына теріс ықпал ететін факторлардың алдын алу.