Көліктегі полиция департаментінде ардагерлермен өзара ықпалдастықты арттыруға бағытталған кездесу өтті
Көліктегі полиция департаментінде ардагерлермен өзара ықпалдастықты арттыруға бағытталған кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаментінде ішкі істер органдары ардагерлерімен өзара байланыс орнату, тәжірибе алмасу және бірлескен қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға департамент басшылығы, ардагерлер, тәлімгерлер, сондай-ақ ел өңірлеріндегі желілік полиция бөліністерінің жеке құрамы онлайн форматта қатысты.
Жиынды Көліктегі ПД бастығының орынбасары Оңдасын Аштаев ашып, ардагерлердің ішкі істер саласына сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Ол аға буынның жинақтаған мол тәжірибесінің жас мамандарды тәрбиелеу ісіндегі, патриоттық сана қалыптастыру мен профилактикалық жұмыс жүргізудегі маңызын баса айтты. Сонымен қатар қазіргі кезеңдегі полиция алдында тұрған басты міндеттер мен оларды іске асыру жолдары жан-жақты баяндалды.
Кездесу барысында қатысушылар полиция жұмысының өзекті мәселелерін талқылап, ҚР Президенті мен Ішкі істер министрінің тапсырмаларын жүзеге асыру аясындағы шаралар жайында пікір алмасты. Департамент қызметкерлері мен ардагерлер арасындағы ынтымақтастықты күшейту мәселелері де күн тәртібінен түспеді.
Алматы, Астана, Ақтөбе, Павлодар, Семей және Қызылорда қалаларындағы желілік полиция бөлімшелерінің басшылары ардагерлермен өзара іс-қимылды нығайту бағытындағы ұсыныстарын ортаға салып, тәжірибе бөлісті.
Кездесу барысында сөз алған Көліктегі ПД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есболат Шаймерденов ардагерлер қауымын алаңдататын бірқатар маңызды мәселелер мен ұсыныстарды жеткізді. Сонымен қатар, ол қатысушыларды ардагерлер қалыптастырған кәсіби дәстүрлерді лайықты жалғастыруға шақырып, қиын да жауапты қызметтерінде сәттілік тіледі.
Жиын соңында барлық ұсыныстар мен бастамалар сараланып, бірлескен жұмысты жүйелі түрде жандандыруға бағытталған нақты шешімдер қабылданды. Кездесу екі буын арасындағы байланысты нығайту жолындағы маңызды қадамға айналды.