Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда "Жасөспірім" ЖПІШ аясында жастарға арналған кездесу ұйымдастырылды

Талдықорғанда "Жасөспірім" республикалық профилактикалық акциясы аясында жарқын әрі есте қаларлық кездесу ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

"Арманға апарар жол! Дұрыс қадам – арманның жартысы!" ұранымен өткен бұл шарада балалар мен жасөспірімдер түрлі спорт түрлерінен әлем чемпиондары және белгілі өнер мен қоғам қайраткерлерімен жүздесті.

Қонақтар қатарында Самат Сарсенұлы, Мерей Сүйінов, Аида Ибраим, Ақерке Қанат, Орынбасар Серікбай, Бейбіт Мусаев және Ақбота Сабыржанова сынды елге танымал тұлғалар болды.

Шараға облыс орталығының мектептерінен 100-ден астам оқушы қатысты. Көпшілігі үшін бұл кездесу өмірлік шабыт сыйлаған ерекше сәтке айналды. Ашық диалог форматында өткен басқосуда балалар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, қонақтардан шынайы да жүректен шыққан жауаптар естіді.

Әлем чемпиондары мен өнер жұлдыздары өздерінің табысқа жету жолдарын баяндап, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Олар табандылықтың, өз-өзіне деген сенімнің және әр сәтсіздіктен кейін қайта тұрып, алға ұмтылудың маңыздылығына тоқталды. Қонақтар дұрыс таңдау жасау – арманға жетелейтін алғашқы қадам екенін ерекше атап өтті.

Кездесу соңында балалар чемпиондар мен өнер майталмандарымен естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Ең бастысы – көптеген жас өрен өз арманына бір қадам жақындай түскендей күй кешті

Іс-шараның белсенді қатысушыларына Департамент басшылығы атынан алғыс хаттар табысталып, барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар тарту етілді. Бұл – біреудің өмірін өзгертуге себеп болған, ұмытылмас әсерге толы тағы бір ерекше күн болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру