Қарағанды колониясындағы сотталғандар үлкендігі екі метрлік қос арыстанның мүсінін жасап шықты
Қарағанды колониясындағы сотталғандар үлкендігі екі метрлік қос арыстанның мүсінін жасап шықты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мамыр мерекелері қарсаңында Долинка кентіндегі №31 түзеу мекемесінің сотталғандары екі метрлік қос арыстан мүсінін дайындап, мекеме аумағының көркін келтірді. Бұл бастама — еңбекпен қамту мен патриоттық тәрбиеге бағытталған арнайы бағдарламаның аясында жүзеге асырылды.
Мүсін жасау жұмыстары арнайы мамандардың жетекшілігімен жүргізілді. Алдымен қарапайым сызбалар негізінде ағаш және металл құбырлардан тұратын берік қалыптар дайындалды. Кейін сотталғандар аязға төзімді бетон қоспасын илеу, оны қабаттап құю және дірілдету арқылы ауа қалдықтарынан тазарту секілді барлық технологиялық кезеңдерді тиянақты орындады. Қалыптан алынған соң мүсіндер мұқият тегістеліп, су өткізбейтін гидрофобты қоспалармен қапталды.
Дайын болған екі арыстан мүсіні мекеменің тұрғын аймағына кіре беріс жолдың екі жағына орналастырылды. Бұл жобаның арқасында сотталғандар тек құрылыс пен мүсін жасау саласындағы дағдыларды меңгеріп қана қоймай, шығармашылық қабілеттерін дамытып, әлеуметтік бейімделу мен кәсіби машықтарын шыңдауға мүмкіндік алды.
Қолдан жасалған мүсіндер тек эстетикалық көрініс қана емес, сонымен қатар еңбектің, тәртіптің және оңалту ісінің жарқын символына айналды.