Полиция балаларды терезеден құлап кетуден сақтау шараларын жүргізуде
Жамбыл облысында полицейлер балаларды терезеден құлап кетуден сақтау шараларын жүргізуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылдың басынан бері Жамбыл облысында көпқабатты үйлердің терезелерінен балалардың құлап кетуіне байланысты 4 жағдай тіркелді.
Терезеден абайсызда немесе ересектердің бақылауынсыз құлап кетуге ең бейім жас тобы – 2 мен 10 жас аралығындағы балалар.
Көктем-жаз мезгілінің басталуына байланысты полиция қызметкерлері профилактикалық шараларды белсенді түрде жүргізіп жатыр.
Жыл басынан бері 3 мыңнан астам аула аралау жұмыстары жүргізіліп, олардың барысында шатырлар мен жертөлелердің құлыптармен жабдықталуы тексерілді. Бұл балалардың еркін кіруіне жол бермеу үшін жасалуда.
Сонымен қатар 1,5 мыңнан астам тұрғынмен кездесу жиналысы өткізіліп, азаматтарға терезелерді бекіту тәсілдері, тор орнатудың маңыздылығы және балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмау қажеттігі түсіндірілді.
Сондай-ақ “Жасөспірім” республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында облыстағы барлық білім беру ұйымдарында балалардың терезеден құлап кетуін болдырмау бойынша түсіндіру жұмыстары күшейтілді.
– Барлық ата-ананы терезеге темір тор немесе бекіткіш орнатуға шақырамын. Бұл шара балалардың жарақат алуын ғана емес, олардың өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Есіңізде болсын: балалардың қауіпсіздігі – сіздердің қолдарыңызда. Оларға әрқашан мұқият әрі жауапты болуды сұраймыз, – деді Жамбыл облысы ПД ЖПҚБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышев.