Түркістан облысында тұрғындар полицейлерге алғыс айтты
Түркістан облысында полиция жоғалған екі баланы іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, екі бірдей баласы күндізгі уақытта үйінің ауласынан шығып кетіп, қайта оралмағанын айтып, көмек сұрады.
Ақпарат түсе салысымен полицейлер дереу жедел-іздестіру шараларын бастап, бүкіл аудан аумағында жұмыс жүргізді.
Тәртіп сақшыларымен 4 сағат бойы жүргізілген іздеу жұмыстары оң нәтиже беріп, 4 және 6 жастағы балалар кеш қарайған уақытта табылды. Анықталғандай, ойыны қызған ағайынды кішкентайлар үйлерінен 4 шақырым қашықтыққа алыстап кеткен.
Қазіргі таңда балалардың жағдайы жақсы, ата-анасына табысталды. Олардың анасы полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Полицейлер ата-аналарға кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға, олардың жүрген бағытын бақылауда ұстауға және қауіпсіздік шараларын үнемі ескертіп отыруға кеңес береді