Павлодарда Отан қорғаушылар күні қарсаңында полицейлер марапатталды
Павлодарда Отан қорғаушылар күні қарсаңында полицейлер марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласындағы Достық үйінің алаңында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Мерекелік жиынға ішкі істер органдарының ардагерлері мен Павлодар облысы полиция департаментінің жеке құрамы қатысты.
– Отанды қорғау – қай дәуірде де әр азаматтың қастерлі борышы. Ел тыныштығы мен бейбіт тірлігі батылдық пен қайсарлықтың арқасында сақталып келеді. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын арамызда Ұлы Отан соғысының ардагерлері азайып барады. Алайда олардың ерлігі – мәңгілік ел есінде. Біз кешегі батырлар алдында бас иеміз, ал бүгінгі ел қорғаушыларға шексіз ризашылығымызды білдіреміз, – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орымбаев.
Дәстүрге сай, мерекеге орай ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен қызметіне адалдық танытып, ерекше көзге түскен тәртіп сақшылары түрлі марапаттарға ие болды. Оларға медальдар, құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.
"Полиция полковнигі" арнайы атағы Ризабек Жанатқа, Лаура Байбек пен Арсен Айгазинге мерзімінен бұрын берілді. Бекболат Балтабаев "майор" шенін иеленді.
"Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалімен Әсет Рыспаев, Алмаз Нұрмағамбетов, Арайлым Мұхамеджанова және Марат Қалиев марапатталды.
"Ішкі істер органдарының үздігі" төсбелгісі Әлібек Мұхамеджановқа, Бауыржан Асылбековке және Руслан Алабаевқа табысталды.
ҚР ІІМ-нің Алғыс хаттарымен Самат Қарыбай, Айбат Ибраев, Жасұлан Шайбеков және Серік Арынов марапатталды.
Сондай-ақ Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасына ПД заң бөлімінің басшысы Баянбек Ашжанов лайық деп танылды. Ал Сәлімхан Шумалеев облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Бұдан бөлек, бірқатар қызмет бабында ерекшеленген полицейлер Павлодар облысы ПД басшысының арнайы марапатына ие болды.
Салтанатты бөлімнен соң, марапатталған қызметкерлер мен шақырылған қонақтар назарына полиция қызметкерлері дайындаған мерекелік концерт ұсынылды.
Шара барысында "Жаса, қазағым", "Смуглянка", "Катюша", "Ел қорғаны" секілді соғыс жылдарынан сыр шертетін, көрерменнің жүрегіне жол тапқан патриоттық әндер орындалып, қатысушыларға ерекше әсер мен ұмытылмас көңіл күй сыйлады.