Ұлытауда Бағдат Айтенов атындағы "Жас сақшы" сыныбы ашылды
Ұлытауда Бағдат Айтенов атындағы "Жас сақшы" сыныбы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлытау ауданында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полиция подполковнигі Бағдат Айтеновтің есімі берілген "Жас сақшы' сыныбының ашылу салтанаты өтті. №1 тірек мектепте ашылған бұл сынып — жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға, құқық қорғау органдарының қызметімен терең танысуға және елге адал қызмет етуге деген ұмтылысты арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Бағдат Қойшықараұлы Айтенов 1992 жылы Ұлытау аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектор болып еңбек жолын бастаған. Кейінгі жылдары тергеу бөлімінде тергеуші болып қызмет атқарды. Өмірінің соңына дейін аудандық полиция бөлімінің орынбасары лауазымында адал еңбек етті. Елге деген жанқиярлық қызметі мен кәсіби шеберлігі арқасында ол халықтың шынайы құрметіне бөленген азамат ретінде есте қалды.
Жаңадан ашылған сыныпқа 16 оқушы қабылданды. Олар арнайы оқу бағдарламасы бойынша білім алып, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен кездесулерге қатысады және түрлі патриоттық, танымдық іс-шараларға белсене араласады.
Салтанатты шараға Ұлытау облысы полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбек Мұқатаев, аудан әкімі Аманжол Мырзабеков, Бағдат Айтеновтің отбасы мүшелері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Іс-шара барысында Қайыркен Әлиев:
«Бүгін біз ерекше мәнге ие оқиғаның куәсі болдық. 2010 жылы қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция подполковнигі Бағдат Айтеновтің жарқын есімін ұлықтау мақсатында, осы "Жас сақшы" сыныбы ашылып отыр. Бұл сынып – болашақ құқық қорғаушылардың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті дамытуға бағытталған білім ордасы болады, – деді.
Ішкі істер министрлігінің бастамасымен қызмет бабында қаза тапқан полиция қызметкерлерін мәңгі есте қалдыру мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде "Жас сақшы" сыныптарын ашу қолға алынған. Бүгінгі ашылған сынып — Ұлытау облысындағы осындай төртінші жоба болып отыр.