Ақтөбе облысы ПД бастығы Жеңіс күніне арналған іс-шараның жас қатысушысымен кездесті
Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов Жеңіс күніне арналған салтанатты концерттің жас қатысушысымен кездесті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылғы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ғимаратында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты концерт өтті. Іс-шара аясында Ақтөбе қаласының №65 орта мектебінің оқушылары сахнада патриоттық әндер орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Аталған концертке қатысқан 6-сыныптың 25 оқушысы өздерінің өнері арқылы патриоттық рухты жеткізіп, залда ерекше атмосфера қалыптастырды.
Полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов №65 мектептің оқушысы Азамат Қожағалимен жылы жүздесу өткізді.
Кездесуге Азаматтың анасы, мектеп директоры, сынып жетекшісі және музыка пәнінің мұғалімі қатысты. Абай Жүсіпов жас буынды тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін ата-аналар мен ұстаздарға алғыс білдіріп, мұндай кездесулердің өскелең ұрпаққа үлкен серпін беретінін атап өтті.
Полиция департаменті алдағы уақытта да жастарды рухани-адамгершілік құндылықтармен тәрбиелеуге бағытталған білім беру және мәдени бастамаларды қолдауды жалғастырады.