Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өскеменде полицейлер жоғалған жасөспірімді іздеп тапты

Өскеменде полицейлер жоғалған жасөспірімді іздеп тапты, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Өскемен қаласы полиция басқармасының Жедел басқару орталығына жергілікті тұрғын 17 жастағы ұлының жоғалып кеткені туралы хабарлаған. Әйел адамның айтуынша, ұлы таңертең колледжге кеткен, алайда үйге оралмаған. Сабақ кестесіне сәйкес, жасөспірім сағат 15:00-де үйде болуы тиіс еді, алайда белгіленген уақытта келмеген. Анасы бірнеше рет телефон шалғанымен, баласының телефоны сөндірулі болған.

Жоғалған баланы өз бетінше іздегенімен, нәтижеге жете алмаған ана көмекке полицияға жүгінген. Полицейлер бірден іздестіру іс-шараларына кірісті. Колледжден үйге дейінгі бағыттағы барлық бейнебақылау камералары тексеріліп, қаланың түрлі аудандарындағы жазбалар зерделенді. Жиналған деректер негізінде жасөспірімнің қозғалыс хронологиясы жасалды.

Жедел-іздестіру іс шаралары барысында полицейлер жақын маңдағы аумақтарды, иесіз қалған үйлер мен құрылыстарды, сондай-ақ жасөспірім болуы мүмкін басқа да орындарды тексерді. Аудан аумағындағы дүкендер де назардан тыс қалмады — солардың біріндегі бейнежазбадан колледж студенті анықталды.

Кейіннен полйцейлер жасөспірімді саяжай аумағының маңынан тапты. Тәртіп сақшыларына берген түсініктемесінде ұл бала бірнеше күн бойы сабаққа бармағанын, уақытын компьютерлік ойындарға арнағанын, ата-анасы біліп қоя ма деген қорқынышпен үйге қайтуға батылы бармаған.

Кәмелетке толмаған жасөспіріммен ата-анасының қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, мұндай әрекеттің салдары, оның ішінде жеке қауіпсіздік, күн тәртібін сақтау және заңды өкілдер алдындағы жауапкершілік мәселелері түсіндірілді.

Бұл жағдай — уақытылы әрекет етудің, ата-аналар тарапынан тиісті бақылаудың және балалар мен ересектер арасындағы тұрақты байланыстың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру