Атырауда "Спорт – есірткіге қарсы" ұранымен республикалық каратэ турнирі өтті
Атырауда "Спорт – есірткіге қарсы" ұранымен республикалық каратэ турнирі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласында каратэден республикалық деңгейдегі турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды. "Spartanes Cap" спорт клубының 10 жылдығына орай өткізілген бұл спорттық дода есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің бастамасымен қолға алынды.
"Спорт – есірткіге қарсы" атты турнирге еліміздің әр аймағынан 500-ден астам жас спортшы қатысып, өздерінің шеберліктері мен рухани төзімділіктерін паш етті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың салауатты өмір салтын ұстануына ықпал ету, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауға үндеп, спортқа деген қызығушылығын арттыру.
Турнирдің салтанатты ашылуына Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов, облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықов, облыстық мәслихат депутаты және кеңес төрағасының орынбасары Нұрбол Даралиев, сондай-ақ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы өкілдері мен жеке құрамы қатысты.
– Жастар – болашақтың іргетасы. Олардың денсаулығын сақтау, рухани және тән саулығын нығайту – барша қоғамның ортақ парызы. Ал спорт – сол мақсатқа апарар сенімді жол, – деді Құттыбай Садықов.
Турнир қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, кубоктармен марапатталып, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының атынан арнайы сыйлықтарға ие болды.
Бұл турнир – спорт пен салауатты өмір салтын дәріптеудің жарқын үлгісі ғана емес, сонымен бірге жас ұрпақты жат қылықтардан қорғауға бағытталған маңызды қадам.