Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытау облысында жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған форум өтті

Ұлытау облысында жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған форум өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлытау облысының полиция департаменті "Заң мен Тәртіп" қағидаттарын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Осы мақсатта Сәтбаев қаласының полиция бөлімі, прокуратура және әкімдік бірлесіп, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ауқымды форум өткізді.

Форумға қала мектептерінен 300-ге жуық оқушы қатысып, құқықтық сауаттылық пен салауатты өмір салтын насихаттауға белсене атсалысты. Іс-шара барысында спикерлер "Есірткіге жол жоқ" тақырыбында баяндама жасап, нашақорлықтың қоғам мен жеке тұлғаға тигізетін зияны туралы кеңінен түсіндірді. Бұл тақырыптың өзектілігі күн санап артып келе жатқан қазіргі қоғамда жасөспірімдерді зиянды әдеттерден қорғаудың маңыздылығын көрсетті.

Оқушылар да өз кезегінде "Отбасы – менің Отаным", "Жол қозғалысын білейік", "Салауатты өмірді таңдаймыз" тақырыптарында сахналық қойылымдар көрсетіп, өз білімдері мен шығармашылық қабілеттерін ортаға салды. Әсіресе "Жас сақшы" полиция сыныбы мен "Жас жол қозғалысы инспекторлары" топтарының көріністері форумның мазмұнын байытып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Іс-шара барысында Сәтбаев қаласы полиция бөлімінің бастығы Еркебұлан Байзақов жасөспірімдерді салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, болашақта елінің үлгілі азаматтары болуларына тілектестік білдірді.

Форумның жарқын сәттерінің бірі – каратэшілердің шеберлік көрсетілімі болды. Бұдан кейін полиция департаментінің арнайы мақсаттағы жедел жасақ қызметкерлері жауынгерлік самбодан түрлі әдіс-тәсілдер көрсетіп, қатысушылардың ерекше қызығушылығын оятты.

— Жасөспірімдер арасында құқықтық тәртіпті нығайту мен салауатты өмір салтын қалыптастыру — баршамыздың ортақ міндетіміз. Осындай бірлескен іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жастардың жарқын болашағына жол ашады деген сенімдеміз, — дейді ұйымдастырушылар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру